Әкімдіктердің жұмысы көңіл көншітпейді - Бектенов асыл тұқымды мал басын көбейту жайында

АСТАНА. KAZINFORM – Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Олжас Бектенов
Фото: Үкімет

- Биыл астық сапасы жоғары болады деп күтіледі. Ішкі және сыртқы астық нарықтарының сұранысын қамтамасыз ету үшін егін орағын уақтылы аяқтау маңызды. Өңір әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қолда бар элеваторлар мен астық қоймаларын толық жұмылдыруы қажет, - деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, мал шаруашылығында пайдалануға берілген тауарлы сүт фермалары бойынша сүт өндіру көлемін осы жылдың соңына дейін жобалық қуаттың кемінде 70% деңгейінде қамтамасыз еткен жөн.

- Малдың генетикалық әлеуетін жақсарту үшін асыл тұқымды мал басын көбейту маңызды. Әзірге, бұл бағытта әкімдіктердің жұмысы көңіл көншітпейді. Өңір әкімдіктеріне Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді ол.

Премьер-министр бірнеше айдан бері сусындар өндірісінің қарқыны төмендеп кеткеніне де назар аударды.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімнің қосымша резервтерін анықтап, жағдайды тұрақтандыру бойынша тиімді шаралар қабылдасын, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімді шетел нарығына шығарудағы кедергілерді азайтуды тапсырған еді.