16:20, 08 Маусым 2023 | GMT +5
Ақмола әкімі Бурабайдағы бағаларға қатысты жауап берді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бурабай мен Түркиядағы демалысты салыстыратындарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бурабайдағы демалыс туралы айтылғанда одан Түркияда демалу арзанырақ деген пікір бар. Инфрақұрылымға қатысты көптеген шағым бар, дәретханалар мен қоқыстар мәселесі белгілі. Жаңа туристік маусымға қалай дайындалып отырсыздар?», – деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімінің брифингінде.
Бұрын Бурабайға бір маусымда 300-400 мың адам келсе, бүгінде келушілер саны миллионнан асады. Биыл 1 млн 200 мың турист келеді деп болжап отырмыз. Бұл бойынша арнайы жұмыс тобын құрдық. Щучье-Бурабай курорттық аймағы – ҚР Президенті Іс басқармасының ұлттық паркі екенін білесіздер. Біз үлкен сындарлы жұмыс жүргіздік, мықтап дайындалдық. Жергілікті атқарушы орган ретінде қоқыс таситын көліктер алдық, контейнерлік алаңдар саны артты, 100-ден астам қоқыс жәшігі сатып алынды. Сонымен қатар, кенттің өзін тәртіпке келтіреміз, жолын жөндеп жатырмыз. Мамыр-маусым айларында жолдағы барлық жұмыстарды аяқтауға тырысамыз
, - деп жауап берді Е. Маржықпаев.
Аймақ басшысы Бурабайға демалуға келетін туристерге де үндеу жасады.
Туристерден тазалық сақтауды, қоқыс қалдырмауды өтінгім келеді. Бұрын қоқыс күніне үш рет жиналса, қазір 6 рет жинаймыз. Қоқыс еш жерден келмейді, оны адамдар қалдырып кетеді. Тазалықпен айналысатын қызметкерлеріміз халықтың теріс пікірлерін естуге мәжбүр болады. Блогосфера да өте белсенді: барлығы көрген-білгенін желіге салып отырады. Орманға өте мұқият болу керек, елімізде орман аз. Өткен жылы өрттердің шамамен 30% дер кезінде байқап, сөндіре алдық, түтін шықса дабыл қағатын жүйе орнаттық. Орманға ұқыпты қарауыңызды сұраймын
, - деді Ермек Маржықпаев.
Әкімнің айтуынша, ұлттық парк аумағында от жағуға болатын барбекю аймақтары орнатылады.
Осылайша, жағдайды бақылай аламыз. Сонымен қатар көптеген шолу алаңдары жасалады. Бағаға келсек, «Бурабайдан Түркияға барған арзан» деген сөз ерекше әзілге айналды. Әрине, Бурабайдағы Rixos, Wyndham Garden-ге келсеңіз, бұл – халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер, бағасы да арзан емес. Бірақ бізде 10 мың теңге, 30 мың теңге тұратын екі орындық үйлерден бастап, кез келген санатқа сегменттер бар. Бұл – бәсекелестік орта. Бағаны нарық анықтайды
, - деді Ермек Маржықпаев.