Ақмола әкімі елорда іргесіндегі елді мекендердің дамуына қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин Астанаға жақын орналасқан елді мекендердің дамуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана маңындағы елді мекендерге қатысты мәселелер жиі көтеріледі және ол үнемі назарымызда. Тек қана биылдың өзінде елорда іргесіндегі елді мекендерге 9,5 млрд қаржы бөлінді. Ол қаражатқа мектеп, аурухана және тұрғындардың жиі сұрайтын жол құрылысы салынуда. Келер жылға Целиноград ауданының жол жөндеу құрылысының өзіне 4 млрд теңге қаржы бөлінуде, бұл қаражат жол мәселесін шешуге толығымен жеткілікті. Атқарылған жұмыстарға келсек, 2017 жылы Қосшыда ұзындығы 11 мың шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтті, биылғы жылы 50 мың шақырым жол жөнделді», - деді Мәлік Мырзалин.
Сонымен қатар, өңір басшысы 2019 жылы Қосшы тұрғындарының 4\3 орталықтандырылған су құбырына қосылатынын, осы жылдың соңына дейін ойын сауық орталығының ашылатынын және 2019 жылы 150 орындық емхана құрылысының басталатынын айтты.
«Тағы бір жиі қозғалатын тақырып ол мектеп - өткен жылы Қосшыда 200 орындық мектеп ашылды, ал осы жылы 611 орындық мектеп ашылды. 2019-2020 жылдары Астана маңындағы елді мекендерде тағы 2 мектеп салыну жоспарлануда. Сонымен үш ауысымды мектептер проблемасы шешіледі», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 2018 жылдың 9 айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған болатын. https://kaz.inform.kz/news/akmolada-biznestin-zhol-kartasy-boyynsha-15-myn-zhumys-orny-ashyldy_a3444506