Ақмола әкімі елордалықтарға өңір өнімдерін таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәлік Мырзалин астаналықтарға облыс тауарларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«AQMOL» - Астана тұрғындарын сапалы және қолжетімді бағадағы тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған сауда желісі. Қала бойынша бүгінде 4 шағын маркет жұмыс істейді, 5-ші сауда нүктесін өңір әкімі өзі таныстырды.
«Азық-түлік дүкенінде халық көп тұтынатын тауарлардың барлық түрі бар, оның басым бөлігі өзімізде өндіріледі. Біздің мақсат - елорда халқын жергілікті тауарлармен қамтамасыз ету. Аталған бастаманы қала әкімдігі қолдап, алғаш дүкенді өткен жылы ашқан болатынбыз. «AQMOL» тауар өнімдері Астана нарығынан 10-15% арзан бағамен сатылуда», - деді Мәлік Мырзалин.
Таныстырылым барысында ол астаналықтар арасында Ақмоланың еті, Көктешаудың сары майы мен балмұздағы және Жақсы ауданынан шығатын ірімшіктің жоғары сұранысқа ие екенін айтып өтті.
Қала бойынша бүгінде 5 сауда нүктесі ашылған, онда 40-қа жуық адам жұмыс істейді.
Бұған дейін біз «AQMOL» сауда желісінің кезекті дүкені ашылғанын хабарлаған болатынбыз.