«Ақмола Барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -  Бурабайда қазақ күресінен «Ақмола Барысы» турнирі өтіп, ең мықты балуан анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақмола Барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды

"Айнакөл" қонақүй кешені аумағында ұйымдастырылған сайысқа облыстың əр өңірінен келген 28 спортшы алтын белбеуді сарапқа салды. Шараға қатысқан аймақ басшысы Мəлік Мырзалин жарыстың маңыздылығын айта келе, балуандарға боз кілемде сəттілік тіледі.

null«Елбасы атап өткендей, салт-дәстүр мен мəдениет - бұл ұлттың генетикалық коды. Қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрімен облыста 6 мыңнан астам адамның айналысатыны қуантады. Халқымыздың мақтанышына айналған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың із жалғап жүрген қазақ күресінен республика чемпиондары Нұрлан Жамалов, Бекбол Нұрланұлы, Леонид Станеев  сияқты облыста балуандар баршылық", - деп атап өтті аймақ басшысы өз сөзінде.

Жарыс қорытындысы бойынша ең ауыр салмақта белдескен түйе балуан күресінде ерейментаулық Ербол Нұрланұлы үшінші (200 мың теңге жүлде), ақкөлдік Қайрат Махтин екінші (400 мың теңге жүлде) орынға лайық деп танылса, бас жүлде - автокөлік көкшетаулық балуан Мереке Тұрашевке бұйырды.

Енді Мереке мен Қайрат "Қазақстан барысы" турнирінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.