Ақмола құтқарушылары су тасқыны қаупі бар өзен-көлдерді тәулік бойы күзетіп отыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Күн жылып, қардың күрт еруіне байланысты Ақмола облысында жергілікті билік мүдделі органдармен бірлесіп, жоғары дайындық режиміне көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола құтқарушылары су тасқыны қаупі бар өзен-көлдерді тәулік бойы күзетіп отыр

Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі таңда облыс елді мекендерінен барлығы 800 текше метр қар күреліп, шығарылды.

Бұдан бөлек, 238 шақырым арналар мен арықтар тазартылды.

Жергілікті коммуналдық қызметтер төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, Целиноград, Аршалы, Астрахан, Есіл, Шортанды, Жарқайың, Ерейментау, Атбасар аудандары мен Қосшы және Степногор қалаларында 98 мың текше метр еріген қар суын сорды.

Аймақ басшысының орынбасары Мәлғаждар Тәткеевтің айтуынша, 4 сәуірдегі жағдай бойынша өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі көтерілген.

«Көктемгі су тасқынына дайындық шаралары өткен жазда басталды. Күз және қыс айларында облыстың 14 өңіріндегі 53 елді мекенде 47 су өткізу құрылысы қалпына келтірілді. Жалпы ұзындығы 35 шақырым су бұру арналары кеңейтіліп тереңдетілді. 22 шақырым өзен арнасы тазартылды, 11 шақырым бөгет салынды», - деді аймақ басшысының орынбасары.

Айта кетсек, 29 наурыздан бастап азаматтық қорғау қызметінің облыстық ішкі жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілді.

Тәулік бойы су тасқыны қаупі бар өзендердегі гидротехникалық құрылыстарда 92 бақылау бекеті жұмыс істейді.

Ықтимал су тасқыны кезінде көмек көрсету үшін Аршалы және Целиноград аудандарына құтқарушылар жіберілді.

Қазіргі кезде су тасқынының қаупі жоғары деңгейге жетіп отыр. Өңірде су басуы мүмкін елді мекендер бар.