Ақмола облысында ірі есірткі зертханасы жойылды

наркотики
Фото: ҚР ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының тумасы есірткі зертханасын құрғаны үшін сотталды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлім етті.  

Прокуратураның мәліметінше, «Х» есімді әлдебір азамат куратордың нұсқауын басшылыққа ала отырып, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз жасау үшін барлық қажетті компоненттер мен жабдықтарды жинап, жасырын зертхананы ұйымдастыру мақсатында жеке үй тапқан. 

«Аталған зертханада тінту жүргізу барысында салмағы 33 кг-нан асатын психотроптық заттар, салмағы 31 кг-нан асатын химиялық сұйықтықтар, ыдыстарға оралған құрылғылар, зертханалық аспаптар және психотроптық заттардың аналогтары табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Х» азаматын қылмыстың құралы болып табылатын автокөлік пен жеке үйін тәркілеп, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Осыған байланысты Ақмола облысының прокуратурасы азаматтарды азық-түлік көкнәрінің үлкен көлемде сату фактілері анықталғаны туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар