Ақмола облысы су тасқынымен қалай күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ерден Берлібеков өңірде су тасқынына қарсы қандай іс-шаралар қолға алынғанын айтып берді.

құтқару
Фото: ТЖМ

Қазіргі уақытта облыс аумағында су тасқыны тұрақты ауыр режимде өтіп жатыр. Көкшетау қаласында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. 

Сондай-ақ, тасқын қаупі болған Степногор қаласы, Біржан, Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандарында жағдай тұрақталды. 

«Бұл ретте, Есіл, Жарқайың, Шортанды, Целиноград, Аршалы, Бұланды аудандарында су тасқыны жағдайы әлі де күрделі болып отыр. Есіл өзені мен оның салаларында – Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарындағы Жабай және Колутон өзендеріндегі еріген су деңгейінің көтерілуінен елді мекендерді су басу қаупі сақталады. Аталған өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, оның ішінде мұз жару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Биыл 29 наурыздан бастап 12 ауданда су тасқыны қаупі бар 15 өзен учаскесінде 4 тоннадан астам жарылғыш зат пайдаланылды», - деді Е. Берлібеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, елді мекендерді қорғау үшін ұзындығы 32 шақырым үйінділер тұрғызылып нығайтылды, 18 шақырым су нысандарының жағалау сызығы, 5 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды.

2 млн текше метрден астам су сорылды, инертті материал салынған 150 мыңнан астам қапшық төселді, 200 шақырымнан астам каналдар мен арықтар тазартылып, тереңдетілді және 1442 су өткізу құрылысы тазартылды.

Апаттық-құтқару жұмысына 1269 адам, 347 техника, 16 қайық, 108 мотопомпа жұмылдырылды. 

Нәтижесінде 1225 адам эвакуацияланды, оның ішінде 269 бала бар.

Бүгінгі таңда эвакуацияланған 1035 тұрғын үйлеріне оралды.

18 мыңнан астам мал уақытылы эвакуацияланды, бұл су тасқыны кезеңінде олардың өліміне жол бермеді.

Арменияда Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті өтіп жатыр
Ұқсас жаңалықтар

Арменияда Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті өтіп жатыр