Ақмола облысы үш өңірдің мемлекеттік аудиторларын ауқымды спартакиадада біріктірді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бүгін Көкшетаудағы «Көкше-Арена» базасында мемлекеттік аудиторлар арасындағы республикалық спартакиаданың солтүстік аймақтық кезеңі басталды. Қаланың спорт алаңдары Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрама командаларын біріктірді. Ауқымды турнир екі мерейтойға – мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының 30 жылдығына және тексеру комиссияларының құрылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысты. Ол мамандарды құттықтап, мамандықтың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
– Үш онжылдық ішінде мемлекеттік аудит институты бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың сенімді кепіліне айналды. Жұмыстарыңыздың жауапкершілігіне қарамастан, спортқа уақыт табатындарыңыз қуантады. Бұл – командалық рухты нығайтудың ең тиімді жолы, - деп атап өтті Елдос Рамазанов.
«Көкше-Аренадағы» мерекелік атмосфераны концерттік бағдарлама толықтырды. Одан кейін командалар бірден жарыстарға кірісті. Қатысушылар үшін бұл турнир тек спорттық сайыс қана емес, тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға да айналды.
– Бұл мүмкіндік бізге көршілес өңірлердегі әріптестермен жақынырақ танысуға, жұмыс барысын бейресми жағдайда талқылауға және спорт арқылы жақындасуға жол ашады. Жарысқа шамамен бір жарым ай дайындалдық, команданың мақсаты – тек жеңіс, - деді спартакиада қатысушысы Мұрат Рахымжанов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер арасында мұндай деңгейдегі жарысты өткізу ерекше үйлестіруді талап етеді.
– Осындай форматтағы шара облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушыларға сәтті ойын және ең бастысы – жарақатсыз өнер көрсетуді тілеймін. Әділ бәсекеде мықты жеңіске жетсін, - деді бұқаралық ұлттық спорт түрлерін дамыту инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Тасыбаев.
Бүгінгі күн волейбол матчтары мен шахмат партияларына арналды. Ал шағын футбол мен үстел теннисінен шешуші кездесулер ертең, 15 мамыр күні өтеді.
Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары республикалық спартакиаданың финалында Солтүстік өңірдің намысын қорғайды.