Ақмола облысынан мыңға жуық азамат әскерге шақырылады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ақмола облысынан мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтеповтің айтуынша, күзгі әскерге шақыру науқаны Қазақстанның барлық өңіріндегідей 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.
Әскерге шақыру науқаны ҚР Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 Жарлығы негізінде жүргізіледі.
– Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады. Әскери қызмет мерзімі – 12 ай. Ақмола облысы бойынша әскерге шақырылатындардың жалпы саны шамамен 1 мың адамды құрайды, – деді Ерболат Өтепов.
Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан шақырылған азаматтар бірнеше әскери құрылымда қызмет етеді. Олардың 500-ден астамы ҚР Қарулы күштеріне, шамамен 350-і Ұлттық ұланға, 130-ға жуығы ҰҚК Шекара қызметіне жіберіледі. Бұдан бөлек, 20-дан астам азамат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдерінде, 10-ға жуығы Мемлекеттік күзет қызметінде әскери борышын өтейді.
Ерболат Өтеповтің айтуынша, шақыру қағазы азаматқа келетін күнге дейін кемінде үш тәулік бұрын тиісті тәртіппен жіберіледі.
– Шақыру қағаздары тиісті тәртіппен, келу күнінен кемінде үш тәулік бұрын жіберіледі. Оның ішінде жеке SMS-хабарламалар және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы жеткізіледі. Тіркеу, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату, сондай-ақ тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери есепке қою процестері eGov арқылы цифрлық форматқа көшірілді, – деді ол.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін бірқатар әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Соның бірі – әскери қызмет атқаратын кезеңде кредиттер мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру.
Сондай-ақ әскери қызмет нәтижесі бойынша ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсуге грант алу мүмкіндігі бар.
– Ақмола облысының барлық ауданы мен қаласында, соның ішінде Көкшетауда шақыру және медициналық комиссиялар азаматтарды іріктеу мен медициналық куәландыру жұмыстарына кірісті, – деді Ерболат Өтепов.
Айта кетейік, мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілгенін мынау сілтеме арқылы оқи аласыз.