Ақмола облысында 10 жастағы бала суға батып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысындағы су айдындарында бір күнде балаларға қатысты екі оқиға болды. Олардың бірі, кәмелетке толмаған бала қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 маусым күні Қосшы қаласында қайғылы оқиға болды. Нұра-Есіл каналына досымен бірге шомылуға барған 10 жастағы бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға болған тоған суға түсуге арналмаған. Оның аумағында шомылуға тыйым салатын белгілер бар.
- Астана қалалық ТЖД жедел-құтқару тобы баланың денесін тауып, судан шығарды, - деп түсіндірді Ақмола облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Сол күні Зеренді ауданында қайғылы оқиғаның алдын алды. Бұл жерде «Д»-есепте тұрған бала қараусыз қалғаннан кейін жоғалып кеткен. Баланың аяқ киімі жағадан табылған соң оны іздеуге сүңгуірлер шақырылмақ болған кезде ол аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол аяқ киімін шешіп, жағалау бойымен жалғыз серуендеп кеткен.
- Ата-аналарға үндеу тастаймыз: балаларды су айдындары жанында қараусыз қалдырмаңыз. Сондай-ақ, тек белгіленген жерлерде ғана шомылуға рұқсат етілгенін ұмытпаңыз, - делінген құтқарушылардың аймақ тұрғындарына жолдаған сөзінде.
Осыған дейін Қарағандыда суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған 2004 және 2005 жылғы екі жас жігіт суға батып кеткенін жаздық.