Ақмола облысында 12 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында жаңа оқу жылында 12 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта 11 900-ден астам бала 1-сыныпқа қабылданған. Дегенмен 1 қыркүйекке дейін бұл көрсеткіш тағы өсіп, 12 мыңнан асуы мүмкін.
– Жаңа оқу жылында облыстың 520 мемлекеттік мектебінде 140 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары, – деп атап өтті басқарма өкілдері.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де өсім байқалады. Өңірдегі 29 колледжде шамамен 20 мың студент білім алады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 5,7 мың мектеп түлегі оқуға қабылдануда.
Бұған дейін Павлодар облысында 10 мыңнан астам, ал Батыс Қазақстан облысында шамамен 12 мың баланың бірінші сыныпқа қабылданғаны хабарланған болатын.
Бірінші сыныпқа құжат 31 тамызға дейін қабылданады.