Ақмола облысында 140 фермер күзгі егін орағына қажетті жанар-жағармайсыз қалған

Жарқайың ауданында 140 фермер теміржол жолдың ақауына байланысты күзгі егін орағына қажетті арзандатылған жанар-жағармайды ала алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы
Фото: ҚазАқпарат/ Александр Павский

Жарқайың ауданының прокуратурасы ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етуде мәселе туындағанын анықтады.

Прокуратураның мәліметінше, биылғы жылы 19 вагонмен «Державинская» станциясына фермерлер үшін бөлінген 9 мың тонна жанар-жағармай жеткізілді.

Алайда, арзандатылған жанар-жағармай жеткізуші оператор - Жарқайың мұнай базасы, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап теміржол жолдарының ақауларына байланысты шығынға ұшырап, жүк қабылдай алмаған (вагондар рельстен екі рет шығып кетті).

Салдарынан, 140 фермер егін орағына қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етілмей қалды.

«Осыған байланысты, аудан прокуратурасы уәкілетті органның атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді, оны қарау нәтижелері бойынша теміржол қызметі талапқа сәйкес келтірілді және фермерлер өздеріне тиесілі арзандатылған отынды алды. Прокурорлық қадағалау шаралары егін жинау науқаны кезінде қолайсыз ауа-райынан туындаған фермерлердің ықтимал шығындарын азайтуға мүмкіндік берді, сондай-ақ жөнделген теміржол жолын пайдаланатын басқа кәсіпкерлердің құқықтарын іске асыруға ықпал етті, - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 30 мыңнан астам жайылымдық жер мұқтаж ауылдарға берілгенін жазған едік.