Ақмола облысында 16 мың түп ағаш отырғызылып, 100-ден астам тонна қоқыс шығарылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 16 мың түп ағаш отырғызылып, 100-ден астам тонна қоқыс шығарылды.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы

Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылды, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналды.

Сәуірдің 13-не дейін өткізілген «Таза өлке» апталығы барысында аумақтар мен тұрғын үй аулалары тазартылды. Апта қорытындысы бойынша облыс аумағында 300 мың адамның қатысуымен 70 тонна қоқыс шығарылды.

«Киелі мекен» апталығында 500-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш аумағы абаттандырылды.

«Жасыл аймақ» апталығы ағаш көшеттерін отырғызумен, екпелерді ақтаумен атап өтілді. Онда барлығы 16 мың түп ағаш отырғызылды.

Ал «Өнегелі ұрпақ» апталығы ардагерлер мен қарттар тұртан 150-ге жуық тұрғын үйдің аумағы мен ауласы тазартылып, абаттандырылды, бұған 15 мың адам тартылды.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы

Соңғы «Мөлдір бұлақ» апталығы барысында 27 су айдыны аумағы - өзен, көлдердің жағасы күл-қоқыстан тазартылды. Апталық барысында 3 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 40 тонна күл-қоқыс шығарылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде 2024 жылдың 6 сәуірі мен 11 мамыры аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Аталмыш игі шараға Ақмола облысының тұрғындары да белсенділік танытып, үлес қосты», - деді Ішкі саясат басқармасынан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасар ауданында 2 мыңнан астам тұрғын «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосқанын жазған едік.

Акцияға Атбасар электровоз жөндеу зауытының, «Атбасар су» коммуналдық кәсіпорнының, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорнының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің, коммуналдық қызметтердің жұмысшылары, Атбасар аграрлық-индустриялық колледжінің ұжымы мен студенттері, Жастар ресурстық орталығының мүшелері, еріктілер қатысты.

Таза Қазақстан
Фото: Ақмола облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы

Еске салайық, «Таза Қазақстан» ұзақ мерзімді республикалық экологиялық акциясы қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған.