Ақмола облысында 385 млрд теңгелік жобаға кедергі болған мәселе шешілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында қытайлық инвестор жүзеге асырып жатқан құны 385 млрд теңгелік жобаға кедергі болған мәселе шешілді. Жоба аясында 800-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлімдеді.

Ақмола облысында 385 млрд теңгелік жобаға кедергі болған мәселе шешілді
Фото: Kazinform\ЖИ

Ақмола облысында қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы «Азия Алтын Дан» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ірі инвестициялық жобаның іске асырылуына кедергі болған мәселе шешілді.

— Жобаның құны 385 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру аясында шамамен 800 жұмыс орнын ашу жоспарланған, — делінген хабарламада.

Жобаны дайындау барысында тазартылған ағынды суларды ағызуға қатысты техникалық шешімдерді келісу мәселелері туындаған. Оларды шешу үшін инвесторға бірқатар уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау қажет болды.

Ақмола облысының прокуратурасының жәрдемдесуімен қажетті техникалық шешімдер келісілді.

Осылайша, инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылуына әсер етуі мүмкін әкімшілік кедергі жойылды.

Ақмола облысының прокуратурасы инвесторлардың құқығын қорғау бойынша жұмысты жалғастырып, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын кедергілерді жедел жоюға ерекше көңіл бөледі.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте инвестордың шоттарын 4 ай бойы бұғаттаған салық органына айыппұл салынған болатын.