Ақмола облысында 44 жастағы әйел алты күннен бері табылмай жатыр

Ақмола облысы
Фото: Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында 6 күн бұрын жоғалған 44 жастағы әйелге іздеу салынды.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған Гүлнұр Ерназарқызы Досанованың денсаулығында психикалық ауытқуы бар. Ол 12 маусым күні сағат 13:30 шамасында үйден шығып, содан қайтып оралмаған. Бұл туралы Целиноград ауданының Талапкер ауылында тұратын оның 59 жастағы туған әпкесі полицияға хабарлап айтты.

Әпкесінің сөзінше, әйел бұрын да үйінен кетіп, кейін қайтып оралып жүрген. Сол себепті, туыстары бірнеше күн бойы өздері іздеп көрген, одан нәтиже болмаған соң полицияға хабарласқан.

Ақмола облысы
Фото: Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

Жоғалған адамның бойы 160-165 см, дене бітімі арықша келген. Шашы қара түсті, иығына түскен. Денесінде ерекше белгілері жоқ. 

Үстіне қара түсті шалбар, ақ және көк жолақтары бар көк түсті спорттық костюм, ақ түсті кроссовка киген.

«Қазіргі уақытта жоғалған әйелді іздеуге Целиноград аудандық ПБ жеке құрамы, сондай-ақ жақын маңдағы полиция бөлімдері бағытталған. Бағдарлар Астана қаласы мен көршілес облыстардың ПД-на жіберілді. Полиция қызметкерлерінен және жоғалған адамның туыстарынан арнайы іздеу топтары құрылды. Олар такси және автобус жүргізушілерінен, сондай-ақ теміржол вокзалы мен автостанция қызметкерлерінен сұрастырып жатыр», — деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын 29 жастағы ақмолалық әйелге іздеу салынғанын жазға едік.

Соңғы жаңалықтар