Ақмола облысында 82 млн теңгеге бағаланған жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы прокуратурасы қабылдаған шаралардың нәтижесінде құны 82 млн теңге болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. 

жер телімі
Фото: АШМ

Ведомство мәліметінше, Сандықтау ауданының прокуратурасы жер комиссиясының қызметіне талдау жүргізу барысында ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару кезінде заңнама талаптарының бұзылғанын анықтаған.

Атап айтқанда, конкурс қорытындылары үш кезеңде шығарылғаны белгілі болды. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, конкурс өткізілгеннен кейінгі күні қорытынды бірден жариялануы тиіс. Бұл жағдай конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігіне кері әсер еткен.

- Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде сот тәртібімен жеті жалдау шарты жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде жалпы ауданы 1 400 гектар болатын, құны 82 млн теңге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, - делінген ақпаратта.

Аталған заңбұзушылықтарға жол берген кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Айта кетейік, бұған дейін осы өңірде құны 332,5 млн теңге болатын жер мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар