Ақмола облысында «АртСпорт» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қаржы жымқырылған

прокуратура
Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

Ақмола облысының прокуратурасы «АртСпорт» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Kazinform.

Ведомствоның мәліметінше, бұл бағдарлама балалардың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне тегін қатысуы үшін қолға алынған. Жеткізушілердің үй-жайларды жалға алу және жаттықтырушылардың жалақысы үшін барлық шығындарын мемлекет төлейді.

Алайда, жосықсыз кәсіпкерлер бұл бағдарламаны бюджет қаражатын жымқыру үшін пайдаланды. Тексеру барысында жалған секциялар мен үйірмелерді ашу, өлген дамдарды рәсімдеу деректері анықталды.

Мысалы, Ерейментау қаласында кәсіпкер үстел теннисі және шахмат бойынша секциялар, сондай-ақ домбыра мен би үйірмелерін ашты. Сонымен қатар, домбыра және шахмат ойыны бойынша сабақтар іс жүзінде өткізілмеген, ал қалған үйірмелерге қатысатын балалардың саны асыра көрсетілген. Ұрланған бюджет қаражатының жалпы сомасы 6 млн теңгені құрады.

Прокуратура осы факт бойынша қылмыстық істі тіркеді, ол кейіннен сотқа жолданды.

Сот үкімімен аталған кәсіпкер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Мемлекетке келтірілген материалдық залал өтелді, шарт бұзылды.

Тағы бір мысал, Көкшетау қаласының кәсіпкерлерінің бірі волейбол және үстел теннисі секцияларын тіркеді. Екі секцияда да бірдей балалар болды, ал іс жүзінде олар тек волейболға барды, теннис сабақтары өткізілмеді, бірақ кәсіпкер бюджет ақшасын алғаны туралы табель толтырды. Ол 6 ай ішінде 1 млн теңгеден астам қаржыны иемденді.

Қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, залал өтелді, осы кәсіпкермен шарт бұзылды.

Прокуратура тексеру нәтижелері бойынша алаяқтық деректерімен осындай жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты барлығы 5 қылмыстық іс қозғалды, мемлекетке келтірілген залал көлемі 16 млн теңгеден асты.

Қазіргі уақытта барлық істердің тергеуі аяқталды, 3 айыптау үкімі шығарылып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында бюджеттің 190 млн теңге қаржысын жымқырған сыбайластар сотталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар