Ақмола облысында аурухана есепшісі 10 млн теңге ақша жымқырған
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында аурухана есепшісі мүлкі тәркіленіп, 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Облыстық соттың алқасы бірінші инстанциялы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Істің мән-жайын Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Аудандық ауруханалардың бірінің есепшісі «1С Бухгалтерия» бағдарламасындағы деректерді өзгертіп, аурухана қызметкерлерінің жалақысы мен басқа да төлемдерін жоғарылатқан. Аурухананың бас есепшісі мен бас дәрігері құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба кілттері арқылы тексерусіз қол қойған.
— Осылайша, Д. өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзінің және басқа тұлғалардың шотына заңсыз ақша аударып, кейін оларды аудару немесе қолма-қол ақшамен қайтаруды талап еткен. Ал бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы — қызмет бабын пайдаланып аса ірі көлемде алаяқтық жасау. Д. өзінің қылмыстық әрекетімен 2020-2022 жылдары денсаулық сақтау басқармасына жалпы сомасы 10 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірген, — деп түсіндірді ведомстводан.
Заңбұзушылық тексеру барысында анықталды, сондай-ақ шоттарына артық есептелген жалақы түскен аурухана қызметкерлерінің және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Іс бойынша жеңілдететін мән-жай — айыпталушының кішкентай баласы бар.
— Сот үкімімен Д.-ға мүлкі тәркіленіп (ұрлық кезінде сатып алынған автокөлік) және материалдық-жауапты қызметтерді атқару құқығынан айырумен 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бас бостандығынан айыру түріндегі үкімді орындау оның кішкентай баласы 14 жасқа толғанға дейін 4 жылға кейінге қалдырылды, — деп қосты ведомство.мол