Ақмола облысында білім бөлімінің 4 қызметкері жауапқа тартылды

прокуратура
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

АСТАНА. KAZINFORM - Сандықтау ауданының прокуратурасы балабақша тәрбиеленушілерінің құқығын қорғады. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлімдеді. 

Кәмелетке толмағандар құқығының қорғалуын талдау барысында 78 мектепке дейінгі  ұйым тәрбиеленушісіне азық-түлік үшін өтемақы төленбегені анықталған.

Ақмола облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, азаматтардың жекелеген санатындағы азық-түлік шығындары мемлекет есебінен өтеледі. Азаматтардың бұл санаттарына көпбалалы отбасылар, АӘК-ге мұқтаж отбасылар және халықтың осал топтарына жататын басқа да адамдар жатады.

Ал аудандық білім бөлімі көпбалалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларды азық-түлікке өтемақы төлеу тізіміне енгізбеген. Осылайша, олардың мектепке дейінгі ұйымдардан тегін тамақ алу құқығын бұзған.

Прокурорлардың араласуымен балабақшалардағы 78 балаға азық-түлік шығындары өтелді. Бұзушылықтар үшін білім бөлімінің 4 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар