Ақмола облысында боранда адасып қалған екі жылқышы Түрген ауылы маңынан табылды

Аршалы ауданында боранда адасып кеткен екі жылқышы аман табылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақмола облысында боранда адасып қалған екі жылқышы Түрген ауылы маңынан табылды
Фото: Ақмола облысы ТЖД/видеодан кадр

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 57 және 54 жастағы екі ер адам Түрген ауылы маңында жоғалған. Оларды Аршалы ауданының жергілікті атқарушы органдары мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері бірлесіп, «ТРЭКОЛ» автокөлігімен іздеген.

«Арада бір жарым сағат өткен соң жылқышы Түрген ауылынан 15 км қашықтықтан табылып, үйлеріне жеткізілді. Олар медициналық көмекті қажет етпеді», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жоғалған бір үйір жылқы табылғанын жазған едік.