Ақмола облысында бір топ тіл жанашыры марапатталды
КӨКШЕТАУ.KAZINFORM – Ақмола облысында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда өңірде мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, тілдік ортаны қалыптастыру саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ тіл жанашыры марапатталды.
Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ұйымдастырылған шара барысында облыстағы тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының үздік оқыту әдістемелері жинақталған интерактивті көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шарада Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин жиналғандарды облыс әкімінің атынан тілдер күнімен құттықтап, тілдің ұлттың ұлы қазынасы, халықтың рухани қуатының негізі екенін атап өтті.
«Бүгін қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, ағартушы және қазақ тілі мұғалімі Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған үлкен іс-шара өткізіп отырмыз. Тіл – халықтың байлығы және қазақстандықтардың рухани құндылығы. Біздің халқымыз көптеген сынақтан өтті, бірақ ана тілі мен патриотизм құндылықтарын ешқашан жоғалтқан емес. Тіл – Тәуелсіз Қазақстанның символы. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілді қолдануды арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Біздің өңірде осы бағытта кешенді жұмыстар қолға алынған, жыл сайын тілді меңгеріп, жұмыс пен тұрмыста кеңінен қолданатындар саны артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, білімнің және ғылымының ажырамас бөлігі саналады. Ақмола облысында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған жұмыстар жақсы нәтиже беріп отыр. Тіл отбасынан және балабақшадан басталады, осы жылы мемлекеттік тілде мектепке дейінгі білім алатын балалардың саны 70 пайызға өсті. Сонымен қатар облыстың бірінші сынып оқушыларының 52 пайызы қазақ тілінде білім алады», - деді Алмас Алин.
Басқарма басшысының айтуынша, осы күні облыс аудандарында тілдерді оқыту бойынша әдістемелік орталықтарда кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі 3 жылда тілдік курстарда тыңдаушылар саны 52 пайызға өсті, бұл ақмолалықтардың тілге деген қызығушылығының артып келе жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, тіл саясатына бағытталған іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Мәселен, осы жылдың мамыр айында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің үлкен форумы өтті, онда облыстың барлық ұстазы тәжірибе алмасып, тіл үйренудің дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелерді талқылады. Маусым айында мемлекеттік тіл деңгейін арттыруға арналған республикалық семинар өтті. Дәстүрлі байқаулардан басқа, тілдің дамуына үлес қосатын облыстың қарапайым тұрғындары үшін де байқаулар өткізіліп келеді.

Салтанатты кеш соңында тілдің дамуына зор үлес қосқан педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және өзге де салалардың мамандары, сондай-ақ 10 аталым бойынша анықталған Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығының иегерлері марапатталды.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасынан атап өткендей, бүгінгі таңда өңірде тіл саясатын дамытуға бағытталған 2 000-нан астам іс-шара өткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстары одан әрі жалғасын табады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын жазған едік.
