Ақмола облысында 90-нан астам адамды кене шаққан
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында кене шағу деректері күрт көбейіп, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері 93 адам зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
2026 жылы өңірде кене энцефалиті бойынша эпидемиологиялық маусым әдеттегіден ерте басталды. Бұған көктемнің ерте келуі мен қар жамылғысының тез еруі себеп болған. Соның салдарынан кенелердің белсенділігі артып, медициналық көмекке жүгінушілер саны көбейген.
Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омархановтың айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кене шағу фактілері 2,1 есе өскен. Былтыр осы уақытта 43 жағдай тіркелсе, биыл 93 адам зардап шеккен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 29 жағдай немесе 31,1 пайыз.
Барлық зардап шеккендер дер кезінде медициналық көмекке жүгінген. 75 адамға иммуноглобулинмен профилактикалық ем жүргізілді. Ал 18 адам бұл көмекті алмаған. Оның біреуі үш тәуліктен кеш жүгінсе, біреуіне медициналық қарсы көрсетілім болған, тағы бірі емнен бас тартқан. Қалған 15 жағдайда кене шағу эндемиялық емес аумақтарда тіркелген.
– Өңірлер бойынша ең көп кене шағу дерегі Көкшетауда тіркелді – 43 жағдай. Бурабай ауданында – 25, Зеренді ауданында – 8, Атбасар ауданында және Степногорск қаласында – 5 жағдайдан. Жарқайың және Целиноград аудандарында – 2 жағдайдан, Сандықтау, Ерейментау және Егіндікөл аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді, – дейді Серік Омарханов.
Ақмола облысында кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақ ретінде Сандықтау ауданы қалып отыр. Мұнда жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы екі кезеңдік өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы алғашқы дезинсекциялық шаралар сәуір айының соңы мен мамыр айының басына жоспарланған.
Сондай-ақ Сандықтау ауданында кене энцефалитіне қарсы екпе эндемиялық аумақтарда жұмыс істейтін азаматтарға салынады. Олардың қатарында орман шаруашылығы қызметкерлері, шопандар, механизаторлар және табиғи ошақтарға жиі баратын өзге де мамандар бар. Мамандардың айтуынша, вакцина жеткілікті мөлшерде бар.
Санитариялық дәрігерлер көктем-жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда қорғаныш киімін киіп, репелленттер қолданып, серуеннен кейін денені мұқият тексеру қажет екенін ескертеді. Кене шаққан жағдайда алғашқы 72 сағат ішінде дәрігерге жедел қаралу өте маңызды.
Еске сала кетсек, Шығыс Қазақстанда 100-ге жуық адамды кене шақты.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында да күн жылынғалы кене шаққан жүзге жуық адам дәрігерге қаралды.