Ақмола облысында ескі медициналық жабдықты жеткізгені үшін сотталғандарға үкім өзгертілді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облыстық сот алқасы пайдалануда болған медициналық жабдықты заңсыз жеткізгені үшін сотталғандар - «Авиценна – Бурабай» ЖШС-нің және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларына қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертті.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәлметінше, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысының іс-әрекеттері алаяқтықтан Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-бөлімшесіне ауыстырылды. Бұл - лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану.
«Келтірілген залал мөлшері 398 016 000 теңгеге дейін төмендетілді және экс басқарма басшысына қатысты ауырлататын мән-жай алынып тасталды (қылмыстық құқық бұзушылық жасауда ерекше белсенді рөл). Алқа қаулысымен оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп түсіндірді ведомстводан.
Ал «Авиценна-Бурабай» ЖШС басшысының міндеті атқарған сотталушыға қатысты біліктілік белгісі алынып тасталды (лауазымды адамның алаяқтық жасауы және қабылданған антты бұзған адамның қылмыс жасауы, құқық бұзушылық жасаудағы ерекше белсенді рөлі ауырлататын мән-жайлар).
«Сотталуышының екеуінен де 398 016 000 теңге көлемінде ортақ тәртіппен келтірілген залал өндірілді. Азаматтық талап бойынша 769 497 600 теңге көлемінде залал өндірілді», - деп толықтырды ведомстводан.
Сот анықтағандай, істің екі қатысушысы да үшінші тұлғамен қылмыстық келісімге келе отырып, 2017 жылы Бурабай ауданының денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасасты. Бұл ретте шарт шеңберінде ЖШС «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің нормалары мен техникалық талаптарына және басқа да нормативтік актілерге сәйкес келетін, бұрын пайдаланылмаған жаңа медициналық жабдықты сатып алуға тиіс болды. Бірақ іс жүзінде медициналық техника ҚР аумағында тіркелмеген болып шықты. Осылайша, істің қатысушылары миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын иемденді.
«Осылайша сотталушылар ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады: ЖШС экс басшысы ірі мөлшерде алаяқтық жасады (ҚР ҚК 190 - бабының 4-бөлігі 2-бөлімшесі), Денсаулық сақтау басқармасының экс басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-бөлімшесі). Куәгерлер мен жәбірленуші тараптың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды, - деп түйіндеді сотта.
Еске салайық, бұдан бұрын медицина саласында ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғандар сотталғанын жазған едік.