Ақмола облысында есірткі жасырып жүрген 19 жастағы тұрғын ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысында полиция жасырын есірткі қоюшыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сәуір айында Щучинск қаласында жедел-іздестіру іс-шараларының барысыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 19 жастағы азаматты ұстады. Ол есірткіні жасырын белгіленген жерлерге қойып кетіп жүрген.
Тергеу іс-шаралары кезінде полицейлер күдіктіден 88 есірткі жинағын тәркіледі, оның 30-ын ол арнайы орындарға жасырып үлгерген. Сол күні барлық есірткі белгілерін жедел уәкілдер тауып, сараптамаға жіберді.
Анықталғандай, жас жігіт екі апта бұрын кураторлардан қажетті дайындық пен нұсқаулықтан өткеннен кейін заңсыз әрекеттермен айналыса бастаған. Күдіктінің өзі жұмыс істемейді, қылмыстық жолмен жеңіл ақша тапқысы келген.
Бұл факт бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, биыл полицейлер 16 есірткі қойып кетушілердің қызметін тоқтатты.
Осыған дейін ҚР ІІМ өкілдері биылғы үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталғанын хабарлағанын жаздық.