Ақмола облысында «Газель» көлігі төрт жастағы қызды қағып кетті

АСТАНА. KAZINFORM- Ақмола облысында «Газель» көлігінің жүргізушісі төрт жастағы қызды қағып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

скорая помощь
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 15 қыркүйекте Целиноград ауданының Нұресіл ауылында болған.

«Газель» көлігін басқарған жүргізуші кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан қыз мерт болды, - деп хабарлады ведомство.

Полицияның мәліметінше, жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін және жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында жаяу жүргіншілер қатысқан жол-көлік оқиғаларынан 10 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.

Осыған дейін Ақтөбеде үш көлік соқтығысып, жүргізуші көз жұмғаны туралы жаздық.