Ақмола облысындағы кафеде болған жарылыс: тағы екі адам күдікке ілінді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.
Биыл 20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Облыстық прокуратура мәліметінше, олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілініп отыр.
Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 - бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне- үй қамағы таңдалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Щучьедегі «Палау орталығында» өрттен қаза тапқандар саны 12 адамға жетті.
Ақмола облысында «Палау орталығы» кафесінің иесі ұсталды.