Ақмола облысында картоп өсіру жобасын жүзеге асырып жатқан инвестордың құқығы қорғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының прокуратурасы инвесторға картоп өсіруге арналған жер учаскелерінен ауыртпалықтарды алып тастауға көмектесті. 

картоп, картофель
Фото: ҚР АШМ

Біржан сал ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп «Макинка-2015» ЖШС-нің құқықтарын қорғады.

Компания картоп өсіру және көкөніс сақтау қоймасын салу жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 800 млн теңге және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.

Инвестор жалға алынған жер учаскелерінен ауыртпалықтарды алып тастау мәселесін уақтылы шешпеген жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органның әрекетсіздігіне байланысты қадағалау органына жүгінген.

Тексеру барысында бұрын берілген нұсқаманың бақылаудан алынғанына қарамастан, ведомствоның тіркеуші органға қажетті мәліметтерді уақытылы жолдамағаны анықталды. Бұл өз кезегінде рәсімдердің негізсіз созылуына әкеліп, кәсіпкердің құқықтарын шектеген.

Прокуратураның жазбаша талап ету актісі бойынша жер учаскелеріне қойылған барлық ауыртпалық алынып тасталып, инвестордың құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.

Инвестициялық жобаны сүйемелдеу аясында Биржан сал ауданының прокуроры «Макинка-2015» ЖШС-нің басшылығымен көшпелі кездесу өткізіп, жобаны іске асырудың келесі кезеңдері мен ағымдағы әкімшілік мәселелерді талқылады.

Айта кетелік Павлодарда инвестор құқығы қорғалды: зауыт құрылысына кедергі болған мәселе шешілген еді