Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі қалай шешілуде?

Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың 70 пайызы санитарлық талапқа сай келмейді
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының аумағында 130 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар болса(жер актілері бар), соның 25 ғана заңдастырылған. Осылайша, экологиялық талаптар мен санитарлық қағидаларға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектілерінің үлесі 18,7 пайызды құрайды.

Ақмола облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жұмыстар жүргізуде, техникалық-экономикалық негіздемесі жобасы 2024 жылы сараптамадан өтізкізілмекші.

Ақмола облысы бойынша Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары және Қосшы қаласында бірде-бір заңдастырылған қоқыс полигоны жоқ.

Мәселен, 2023 жылы Зеренді ауданында 227 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, оның 187 (87%) жойылды.

Қазіргі уақытта Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасы Көкшетау, Щучье, Ақкөл, Қосшы қалаларында және Аршалы, Қорғалжын, Қоянды, Зеренді ауылдарында полигондарды салу мәселесі күн тәртібінде тұр.

«Ақмола облысының «Көкшетау қаласында қоқыс сұрыптау пункті бар қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонын салу» техникалық-экономикалық негіздемесінің (ТЭН) түзетуі аяқталды. Ал Зеренді ауданында Азаматтық авиация комитетінің келісімі алынып, Васильковка ауылы мен Жаманащы станциясында қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Жоба экологиялық сараптамаға жіберілді. Щучье қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу аяқталды. Мұндағы полигон құрылысының болжамды құны 3,8 млрд теңгені құрайды. Скринингтік қорытынды алынып, қоғамдық тыңдаулар тағайындалды», - деді Ақмола облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, осындай жұмыстар Қосшы қаласы, Целиноград, Аршалы, Қорғалжын, Қоянды, аудандарында жүзеге асырылып жатыр.

Заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар палигонының болмауы күл-қоқыстың жөн-жосықсыз төгілуіне әкеліп соқтырды.

«2023 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ ғарыштан түсірген суреттер негізінде Ақмола облысында 789 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындары анықталды. Департамент Ақмола облысы аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп 631 (80%) рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жойды. 2023 жылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жөнінде шаралар қолданбағаны үшін - 3 лауазымды тұлға (Целиноград ауданы әкімінің орынбасары, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары, Аршалы ауданы ТКШ басшысы), 5 заңды тұлға - 13 жеке тұлға (айыппұлдың жалпы сомасы - 1 216 129 теңге) әкімшілік жауапқа тартылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында Көкшетау қаласы мен 9 ауданда заңдастырылған қоқыс полигоны жоқтығын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар