Ақмола облысында көлігімен жол жиегіне шығып кеткен 86 жастағы қарияны полиция тауып алды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінің 86 жастағы тұрғыны көлігімен жолға шығып, кейін хабарсыз кеткен. Қария үйіне оралмаған соң, жақындары алаңдап, телефон арқылы хабарласуға тырысқанымен, тұтқасын ешкім көтермеген.
Зейнеткерді іздестіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері оның жүрген бағытын анықтап, көлігін тапты.
Белгілі болғандай, жалғыз тұратын қария ВАЗ-2107 автокөлігімен өз бетінше жолға шыққан. Алайда жол үстінде көлік жолдан шығып, жол жиегіндегі сайға түсіп кеткен. Зейнеткер көліктен өздігінен шыға алмаған. Оның үстіне жақындарына хабарласып, болған жағдайды айтуға да мүмкіндігі болмаған.
Келесі күні Анатолий Захаровичтен әлі де хабар болмаған соң, туыстары Сандықтау аудандық полиция бөліміне жүгінген.
– Жалғыз тұратын зейнеткер ВАЗ-2107 автокөлігімен өз бетінше жолға шыққан. Алайда қозғалыс кезінде көлік жолдан шығып, жол жиегіндегі сайға түсіп кеткен. Қария көліктен өздігінен шыға алмаған әрі жақындарына хабар бере алмаған. Анатолий Захарович келесі күні байланысқа шықпаған соң, туыстары алаңдап, оның жоғалғаны туралы Сандықтау аудандық полиция бөліміне дереу хабарлаған, – делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, көліктің қай бағытқа жүргенін анықтады. Осылайша зейнеткердің ықтимал қозғалыс бағыты қалпына келтірілді.
Іздестіру жұмыстары сол күні нәтиже берді. Полицейлер ВАЗ-2107 көлігін жол жиегіндегі шұңқырдан тауып, оның ішінен хабарсыз кеткен қарияны аман-есен алып шықты.
Тәртіп сақшылары зейнеткерге көмектесіп, оны туыстарына тапсырды. Сондай-ақ көлікті эвакуациялауға да жәрдемдесті.
Анатолий Захаровичтің немересі полиция қызметкерлеріне жедел әрекет етіп, қиын сәтте отбасына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Сандықтау ауданының полиция қызметкерлеріне жедел әрекет еткені, қиын жағдайда қолдау көрсетіп, жанымыздан табылғаны және қажетті көмектің бәрін көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Анатолий Захаровичтің немересі.
Бұған дейін Семейде жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылған еді.