Ақмола облысында манипулятор қағып кеткен әйел көз жұмды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында жолдан жүгіріп өтпек болған әйелді манипулятор қағып, мерт қылды.

жедел жәрдем
Фото: Kazinform

Қайғылы жағдай бүгін Қосшы қаласында болған. Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінен адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасының болғанын растады.

«Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бүгін 11 қыркүйекте сағат 18:00 шамасында Қосшы қаласында болғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланды. Онда балабақшадағы баласына бара жатқан әйелді манипулятор көлігі қағып кеткені және оның жедел жәрдем көлігінде қайтыс болғаны жазылған.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында өндіріс орнында жұмысшы әйелді жүк көлігі басып кеткенін жазған едік.