Ақмола облысында оқу жылы басталысымен адам папилломавирусына қарсы вакцинация қолға алынады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында оқу жылы басталысымен адам папилломавирусына қарсы вакцинация қолға алынады.
Ақмола облысы Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бастапқыда 11 жастағы 175 мыңнан астам қызды қамту жоспарланған. Кәмелетке толмағандарды вакцинациялау ата-анасының немесе басқа заңды өкілдерінің жазбаша келісімінен кейін жүзеге асырылады.
Адам папилломавирусына қарсы вакцина 0,5 мл стандартты мөлшерде иық бұлшықетіне енгізіледі. Вакцинаның кері әсері болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін 6 айдан соң екінші рет салынады. Қазақстанда адам папилломавирусына қарсы 4 валентті вакцина қолдану жоспарлануда, ол 4 типті HPV – 6, 11, 16 және 18-ден қорғайды.
Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда әлемнің 125-тен астам елі ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді. Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан тәрізді Орталық Азиядағы көршілеріміз адам папилломавирусына қарсы вакцина енгізді.
Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Омархановтың айтуынша, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар статистикасы бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
Өткен жылы Ақмола облысында жатыр мойны обырының 109 жағдайы тіркелді, 2022 жылы 87 жағдай, 2024 жылдың 7 айында 50 науқас әйел анықталды. Жатыр мойны обырынан болатын өлім-жітім де өте жоғары, мәселен, 2022 жылы 33 әйел осы аурудан қайтыс болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 36 адам болды.
«Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1700-ге жуық жаңа жағдайы және осы аурудан 600-ге жуық өлім-жітім тіркеледі. Ауру ұзақ уақыт бойы инвазивті емес кезеңмен баяу және негізінен жергілікті өсумен сипатталады, яғни оны ерте анықтау тек тұрақты скринингтер арқылы мүмкін болады. Адам папилломавирусына қарсы вакцина қазақстандық әйелдерді жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуынан қорғаудың заманауи және барынша тиімді (тиімділіктің 95%-ға жуығы) тәсілі», - деп түсіндірді Серік Омарханов.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 4 адамның бруцеллез жұқтырғаны анықталғанын жазған едік.