Ақмола облысында мектепті жөндеу бойынша орындалмаған жұмыс үшін бюджеттен 27 млн теңге төленген

прокуратура
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу жағдайы анықталды, деп хабарлайды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Есіл ауданының прокуратурасы мектепті күрделі жөндеуді тексеру барысында орындалған жұмыстар актілеріне заңсыз қол қою және орындалмаған жұмыс үшін бюджеттен 27 млн теңге төлеу әрекетін анықтады.

Мердігер жасасқан келісімшарттың талаптарын орындамаған, терезе орнату, мектеп шатырын жабу және т.б айтарлықтай жұмыс көлемі орындалмай қалған, соның салдарынан мектептің күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмады.

Прокурорлық ден қою шараларымен мердігер ұйым мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы болып танылды және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындамағаны үшін 1 380 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензиясынан айыра отырып, әкімшілік жауапқа тартылды (ӘҚБтК-нің 312-бабы 2-бөлігі).

Лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде объектіде жұмыстар белсенді басталып, жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар
telegram