Ақмола облысында Орталық Азиядағы ең үлкен сауын каруселі іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысының «Родина АФ» ЖШС кәсіпорнында Қазақстан мен Орталық Азиядағы қуаттылығы жағынан ең үлкен сауын каруселі іске қосылды. Іс-шараға ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин және облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты.

Бұл жаңашыл жобаның қуаттылығы күніне 2 000 сиырды сауып, бір уақытта 80 басты қамтуға мүмкіндік береді. Карусельде қолданылатын шведтік DeLaval брендімен жабдықталған роботтандырылған жүйе адами факторды азайтып, сауу процесін автоматтандырылған түрде жүргізеді. Бұл технология сиырлардың денсаулығын бақылап, сүт сапасын тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.
- Біздің жаңашыл жобамыздың басты ерекшелігі - бұл тек айналып тұратын карусель емес, ол жан-жақты талдау жүргізе алатын, әрбір сиырды бақылап, оның денсаулығы мен сүт сапасын анықтайтын жүйе. Біз бұл жобаны жаңарту қажеттілігінен жүзеге асырдық. Алғашқы сауын карусельді 17 жыл бұрын орнатқан болатынбыз. Сол уақыттан бері технологиялар айтарлықтай өзгерді, - деді «Родина АФ» ЖШС басшысы Иван Адамович Сауэр.


Жаңа сауын каруселі жүйесінің іске қосылуы сүт өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобаға 2 миллиард 909 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, 38 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа жұмыс орындарының орташа айлық жалақысы 450 000 теңгені құрайды. Жоба аясында сүт өндірісі жылына 40 мың тоннаға дейін ұлғаяды, бұл еңбек өнімділігінің 1,5 есеге артатынын білдіреді.
Жаңа сүт-тауарлы ферманың технологиялық жабдықтары сиырлардың тұяқтарын автоматты түрде өңдейтін ванналар, денсаулық жағдайын бақылайтын камералар, сүт сапасын анықтайтын датчиктер мен сүтті сақтайтын арнайы резервуарлармен жабдықталған. Бұдан басқа, сүтті салқындату және су, жылуды қайта қалпына келтіру жүйелері орнатылған. Бұл барлығы сүт өндірісінің тиімділігін арттыруға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға және экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді.


Айта кету керек, кешеннің іске қосылуы – Мемлекет басшысының өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам.
- Біздің алдымызда сүт өнімдерін елордаға жеткізуді 50%-ға дейін арттыру міндеті тұр. Бұл үшін өңірде жаңа өндірістер құрылып, қолданыстағылары кеңейтілуде. Инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы тиімді қолдау құралына айналды, деп атап өтті Мұрат Балпан.
Бұл жоба өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, жұмыс орындарын құру, сүт өнімдерін көбейту арқылы экономиканың дамуына өз үлесін қосатын маңызды бастама болып табылады.