Ақмола облысында су құбырын тарту кезіндегі олқылықтар анықталды
Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлері Сандықтау ауданының Белгородское ауылында су құбыры желілері мен ұңғымаларды қайта жаңарту жұмыстарының барысына жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар олқылықтарды анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі тарапынан бұл жобаға бюджет есебінен шамамен 194 млн теңге қаржы бөлінген. Алайда құрылыс жұмыстары сағыздай созылып, ауыл тұрғындары жаңа инфрақұрылымның пайдалануға берілу сәтін үш жыл бойы тағатсыздана күтуде.

Тұрғындар сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы ұзаққа созылуына, сондай-ақ, оның сапасына алаңдаушылық білдіруде.
- Тұрғындар негізсіз алаңдаушылық білдіріп отырған жоқ. Волонтерлер қазба жұмыстарын жүргізетін экскаватор қалақшасының көлемі техникалық сипаттама бойынша талап етілгеннен көп екенін анықтады. Бұл топырақтың зақымдалған бетінің ұлғаюына және оның терең шөгуіне әкелді. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін бұрынғы сумен жабдықтау желісі алынбаған. Яғни, мұның жаңа желіге зияны тиуі және жоба талаптарының бұзылуына әкелуі мүмкін. Осы үшін бюджеттен 19 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Соған қармастан, олқылықтарға жол берілді. Бұдан бөлек, су құдықтарының люктерін орнату технологиясында да кемшіліктер анықталды. Люктер жер бетінің деңгейінен төмен орналасқандықтан, жаңбыр суы құдықтарға ағуы мүмкін. Волонтерлер мониторинг барысында дәл осы жағдайға куә болды. Олардың айтуынша, қыста ағынды сулар мұзға айналғанда жағдай әлдеқайда қиындай түсетініне еш күмән жоқ, - деді ведомстводан.

Департаменттің баспасөз қызметінен атап өткендей, анықталған олқылықтарды жою бойынша Ақмола облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тиісті тексеріс жүргізеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында бюджет қаржысын жымқырған сыбайластар сотталғанын жазған едік.