Ақмола облысында субұрқақты жөндеуге 170 млн теңге бөлінген

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Атбасар ауданында прокуратура бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді.

Бас прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Аудан прокуратурасы бюджет заңнамасының сақталуына жүргізген талдау барысында аудандық Құрылыс бөлімінің субұрқақты қайта жаңғырту жұмыстарына 170 млн теңгеден астам сомаға шарт жасағанын анықтады.

Тексеру кезінде жобалық-сметалық құжаттамаға оң қорытындының екі жылдан астам уақыт бұрын берілгені белгілі болды. Алайда талдау жүргізілген сәтте аталған жобаны іске асыруға бюджет қаражаты бөлінбеген.

Сонымен қатар мердігер ұйымның бұған дейін сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылғаны анықталған.

«Талдау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізу кезінде бірқатар заңбұзушылық белгілері анықталды. Атап айтқанда, жобаны қаржыландыру мәселесі толық шешілмегеніне қарамастан шарт жасалған. Бұдан бөлек, конкурс жеңімпазы ретінде анықталған мердігер ұйым бұрын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде аталған мемлекеттік сатып алу рәсімі күшін жойды. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады прокуратура.

Қадағалау органы бюджет қаражатының тиімді әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ақмолада 1,8 млрд теңге тұратын орман қоры мемлекетке қайтарылды.