Ақмола облысында тасқынның алдын алу шаралары басталып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған іс-шаралардың үш есе артқанын мәлім етті.

- Су тасқынының салдарын жою жұмысы аяқталды. Облыс аумағында тасқыннан 1266 отбасы зардап шекті. Бұл орайда 820-дан астам отбасыға мүлік шығыны және 715 отбасыға үйлерін жөндеуге өтемақы төленді. Сонымен қатар, шамамен 2 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Сол сияқты 221 отбасы үшін пәтерлер мен тұрғын үйлер сатып алдық және 330 отбасыға жаңа үйлер салып бердік, - деді Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, су шайған барлық жол учаскесі қалпына келтірілді.
- Қазір облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар көлемін өткен жылға қарағанда үш есеге көбейттік. Бүгінде 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы жасалып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылды, су өткізу арнасының 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. Сол сияқты 110 шақырым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгеу тұрғызылды, су өткізу құрылыстары жүргізіліп, су құбырлары тазартылды. Одан бөлек 9 елді мекенде су деңгейін бақылау үшін қосымша гидро бекеттер құрылды, - дейді ол.
Сондай-ақ облыс әкімі елорда іргесіндегі Целиноград ауданының Талапкер және Қоянды ауылдарында еріген суды өткізуге арналған жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын айналма каналы салынғанын айтты.
- «Демеу Қазақстан» қоры есебінен 3 бөгет салынып, яғни Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағасы нығайтылып жатыр, - деп толықтырды М. Ахметжанов.