Ақмола облысында туристік маусым ресми түрде ашылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бурабай ауданы дәстүрлі түрде Қазақстан табиғатының інжу-маржанымен байланыстырылып келеді. Алайда биылғы туристік маусым бұл өңірді мүлде жаңа, заманауи қырынан танытуды көздейді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жұмыс сапары барысында өңір қонақтарды тек көркем табиғатымен ғана емес, дамыған инфрақұрылымымен де таңғалдыра алатынын көрсетті.

Ақмола облысында туристік маусым ресми түрде ашылды
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ауқымды өзгерістер Щучье қаласының қақ ортасынан бастау алды. Мұнда ауданы 15 мың шаршы метрді құрайтын жаңа орталық экопарк пайдалануға берілді. Жоба аясында бұрын бос жатқан аумақ заманауи ойын және спорт алаңдарымен жабдықталған жасыл демалыс аймағына айналды.

Туристік маусым
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

— Өткен жылы Бурабайға шамамен бір жарым миллион турист келді. Айта кету керек, бақылау-өткізу бекеттері Щучье-Бурабай курорттық аймағына келген қонақтардың санын тіркейді, сондықтан бұл көрсеткіш нақты туристер санынан төмен болуы мүмкін. Сонымен қатар бізде басқа да туристік бағыттар бар. Жүкей және Шабақты көлдері бағытындағы туристік маршруттарды кеңейтіп жатырмыз. Осы мақсатта су, жаяу және ат туризміне арналған ауқымды демалыс орындары дайындалды. Биыл өңірге шамамен екі миллион турист келеді деп күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, жыл бойғы туризмді дамыту бағдарламаларын әзірлеудеміз. Осы бағытта халықаралық турнирлер, спорттық жарыстар, концерттер өткізу және конгресс-орталықты іске қосу жоспарланған, — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы айтқан Бурабай курорттық аймағындағы көпфункционалды конгресс-орталық өңірдегі іскерлік туризмді дамытудың негізгі қозғаушы күші әрі стратегиялық жобасына айналмақ. Оның базасында халықаралық және республикалық деңгейдегі саяси, мәдени және іскерлік іс-шараларды жыл бойы өткізуге мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланған.

Туристік маусым
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

1000 көрерменге арналған екі қабатты заманауи кешен 13 мың шаршы метр аумақта орналасады. Ауқымды жобаны жүзеге асыру 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Мұндай деңгейдегі нысанның іске қосылуы Бурабайдың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, маусымдық тәуелділікті азайтып, өңірге ірі бизнес өкілдері мен халықаралық сарапшыларды тартуға мүмкіндік береді.

Биылғы маусымда қонақүй инфрақұрылымын жаңғыртуға және қызмет көрсету сапасын халықаралық деңгейге шығаруға ерекше назар аударылуда. Жұмыс сапары барысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Қазіргі уақытта Щучье-Бурабай курорттық аймағында премиум санаттағы қонақүйлердің құрылысы жүргізіледі. 

Бурабай
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа туристік нысандар саяхатшыларға қорық аймақтарының тереңіне бойлап, экологиялық және мәдени бағыттағы бірегей маршруттарды ұсынуға бағытталған. Солардың бірі — жыл бойы жұмыс істейтін абаттандырылған «Биші қайыңдар» саябағы. Мұнда келушілер үшін табиғаты көркем Аютас тауының басында арнайы бақылау алаңы жасақталған. Ол жерден өңірдің әсем табиғатын тамашалауға мүмкіндік бар.

Ақмола
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз хатшылығы

Сондай-ақ Жүкей көлінің тарихы мен Ақылбай ауылының мәдени мұрасын танытатын жаңа экскурсиялық бағыттар таныстырылды. Су серуенін ұнататындар үшін Бурабай көліндегі жаңартылған қайық станциясы қызмет көрсетеді. Енді туристер жайлы пароммен әйгілі Жұмбақтас жартасы мен Кенесары үңгірі маңында экскурсиялық сапар жасап, табиғаттың көркем келбетін тамашалай алады. Экскурсиялар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.