Ақмола облысында Ұлттық жоба аясында 340 шақырым электр желісі жаңартылмақ

АСТАНА.KAZINFORM — Ақмола облысында электрмен қамту жүйесі түбегейлі жаңғырады.

Ақмола облысында Ұлттық жоба аясында 340 шақырым электр желісі жаңартылмақ
Фото: МЭКС

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы биыл шамамен 340 шақырым желіні, алты қосалқы станцияны және 44 трансформаторлық кіші станцияны жаңартады. Енді жаңғырту жұмыстарының нақты қандай нәтиже беретінін және тұрғындарға қалай әсер ететінін баяндайық.

Қай нысандар жаңартылмақ?

Компания мамандары 2026 жылғы бағдарламаға кернеуі 35 кВ және одан жоғары алты қосалқы станцияны, 197 шақырымнан астам жоғары вольтты әуе желісін, кернеуі 0,4-10 кВ шамамен 142 шақырым желіні, сондай-ақ 44 жиынтық трансформаторлық кіші станцияны енгізген. Осы жұмыстардың барлығы жиынтығында 340 шақырым желіні құрайды.

Жаңғырту неліктен маңызды?

Компанияның бас директоры Александр Павловтың сөзінше, жаңғыртудың басты мақсаты – тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру.

«Жаңарту кезінде жабдықтардың тозуын, ажыратулар мен энергия шығынын азайту, сонымен қатар жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігін жасау қажет. Бұл соңғы мәселе әсіресе, Астана маңындағы аймақ үшін өзекті. Өйткені электр желісі тек қазіргі жүктемені ғана емес, жаңа тұрғын үй кешендерін, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды қосу үшін де қор болуы керек. Инфрақұрылымды жаңартпай және кеңейтпей, жаңа тұтынушыларды қосу мүмкіндігі бірте-бірте азаяды», – деді Александр Павлов.

Цифрландыру құралдары енгізіле ме?

Ұлттық жоба тек тозған жабдық пен желілерді ауыстырумен шектелмейді, жеке бағыт электржелілік кешенді цифрландыруға арналған.

Мәселен, Макинск қаласында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Заманауи есептеу құралдары тұтыну көлемін автоматты түрде тіркеп, деректерді қолмен жинаудың қажеті жоқ жүйеге жібереді. Бұл тұрғындар үшін есептеудің дәлдігін білдірсе, энергия компаниясы үшін тұтыну туралы объективті ақпарат алуды және маңызды жағдайларды тез талдауды білдіреді.

Тағы бір цифрлық жоба – елорданың оң жағалауындағы, оның ішінде ескі орталық пен қала әкімдігі орналасқан ауданды электрмен қамтамасыз ететін «Астана» 110/10 кВ кіші станциясында жүзеге асады. Мұнда телемеханика жүйесі жаңғыртылады, нәтижесінде жабдықтың жай-күйі туралы ақпарат тікелей орталық диспетчерлік қызметке түседі. Бұл штаттан тыс жағдай туындағанда шешім қабылдау уақытын қысқартады – диспетчер қосалқы станцияның жұмысын қашықтықтан бақылап, жұмыс барысында ақау шыққан кезде дереу әрекет ете алады.

Компанияның қазіргі жай-күйі

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша компанияның технологиялық шығыны 4,9 пайызға жетіп отыр. Бұл салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Алайда инфрақұрылымның едәуір бөлігі әлі де тозған немесе «сары аймақ» деп аталатын санатта тұр. Мұндағы тозу деңгейі 63,9 пайызды құрайды. Ұлттық жоба аясындағы ескі жабдықтарды жаңасына ауыстыру жұмыстары дәл осы көрсеткішті төмендетуге бағытталған.

Жаңғыртудың нәтижесі қандай болмақ?

Тұрғындар үшін бұл жұмыстың нәтижесі ауыстырылған тіректер мен сымдардың санымен өлшенбейді. Нақты сезілетін нәтиже – ажыратулар санының азаюы, электрмен жабдықтаудың сенімділігі, энергияны есепке алудың дәлдігі және ақаулық туындаған кезде оған жауап беру жылдамдығы.

Еске салсақ, Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы Орталық-Азия Электрэнергетикалық Корпорациясының (ОАЭК) құрамына кіреді – бұл холдинг Қазақстанның 2 миллионнан астам тұрғынын энергиямен қамтамасыз ететін ірі жеке энергетикалық компания.

Айта кетелік Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясын тұтынудан артық өндіруді көздеп отыр.