Ақмола облысында заңсыз киік аулаған Астана тұрғыны ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласының 46 жастағы тұрғыны заңсыз атып алған киік етін квадроциклмен тасымалдаған.

Киік
Фото: Kazinform

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 маусым күні Целиноград ауданына қарасты Ақмешіт ауылының маңында заңсыз аң аулау фактісі туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жедел түрде барған.

Тексеру барысында екі киіктің өлексесі тиелген квадроцикл анықталды.

– Аталған дерек бойынша заңсыз аң аулау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен Астана қаласының 46 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.

Жыл басынан бері Ақмола облысында заңсыз аң аулауға байланысты екі қылмыстық іс тіркелген.

Полиция азаматтарға заңсыз аң аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін тағы да еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Жетісуда жарты тоннадан астам киік мүйізі заңсыз айналымнан алынғанын жазған едік.

                                                                                                                                                                                 Назерке Жұмабек