Ақмола облысында жоғалған қария екі тәуліктен соң аман табылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында екі тәулік бұрын жоғалып кеткен есте сақтау қабілеті нашар қария аман табылды.

Жоғалған қария
Фото: Ақмола облысы ПД

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Финченко Любовь Ивановнаның жоғалғандығы туралы Целиноград аудандық полиция бөліміне шілденің 23-де кешкі 20:25 шамасында қызы хабарлап айтқан.

Жоғалған адамды іздеуге полиция бөлімінің жеке құрамы бағдарланды, іздеу тобы орман алқаптары мен бос жерлерді, қараусыз қалған ғимараттар мен саяжайлардың аумағын тексерді. Сонымен бірге, дрон арқылы әуеден бақыланды. 

«Шілденің 25-де сағат 16:00 шамасында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері, зейнеткерді Астана маңындағы өндірістік базаның аумағынан тапты. Қария онда қалай жеткенін өзі білмейді. Тонғанда құмда жылынған. Қазіргі кезде оның жағдайы қанағаттанарлық. Тәртіп сақшылары қарияны Есіл аудандық ауруханасына жеткізді, онда оған медициналық көмек көрсетіледі», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында далада адасып қалған ауыл тұрғындары бір күннен кейін табылған болатын.