Ақмола облысында жолды бөлісе алмай төбелескен екі көліктің жүргізушісі мен жолаушылары ұсталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында жолды бөлісе алмай төбелескен екі көліктің жүргізушісі мен жолаушылары анықталып ұсталды.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай тамыздың 12-де «Екатеринбор – Алматы» тасжолында болған.
Анықталғандай «Hyundai Elantra» және «Toyota Corolla» көліктерінің жүргізушілері жолды бөлісе алмай тоқтап, жаға жыртысып, төбелескен. Артынша, төбелеске екі көліктің жолаушылары да араласқан.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы төбелеске қатысы бар адамдарды анықтап, ұстады. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі «бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды», - деді ведомстводан.
Полиция департаменті баспасөз қызметінен атап өткендей, аталмыш баптың санкциясы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза қарастырылған.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Жезқазған – Петропавл» тас жолында адам қағып, мерт қылған жүргізуші ұсталғанын жазған едік.