Ақмола облысындағы ауыл мектебінде 5 пен 6-сынып біріктірілген
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Зеренді ауданы Қонысбай ауылындағы мектепте 5 пен 6-сынып оқушылары жаңа оқу жылын бірге оқып бастаған болатын. Ата-аналардың әлеуметтік желідегі қарсылығынан кейін аудандық білім бөлімі сыныптарды қайта бөлу туралы шешім қабылдады.
Мәселеге әлеуметтік желідегі жергілікті парақшадағы жазба себеп болған. Онда ата-аналар екі сынып оқушыларының біріктірілгенін айтқан.
Жазбаға пікір білдіргендердің пікірі екіге бөлінді. Кейбірі мұндай тәжірибе Шортанды және Жарқайың аудандарындағы ауыл мектептерінде де бар екенін атап өтті. Алайда олар мұндай тәсілді құптамайтынын жазған.
Ал кейбір қолданушылар сыныпта екі-үш оқушы ғана болса, оларды бірге оқытудың ешқандай қиындығы жоқ деп есептейді. Тағы бірқатар қолданушы 20 жыл бұрын өздерінің де осындай сыныптарда оқығанын мысалға келтірген.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мұндай тәжірибенің бұрыннан бар екенін хабарлады. Шағын жинақты ауыл мектептерінде сыныпта екі-үш оқушыдан ғана білім алатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай сыныптар біріктірілген кезде мұғалім сабақ жоспарын жағдайға қарай әзірлейді. Сабақтың бір бөлігінде бір сыныпқа тақырып түсіндірілсе, екінші бөлігінде басқа сыныппен жұмыс жүргізіледі.
Зеренді аудандық білім бөлімінің мәліметінше, шағын жинақты мектептердегі сыныптарды біріктіру оқушылардың нақты саны мен қолданыстағы заңнама талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
— Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 97-тармағына сәйкес, шағын жинақты мектептерде жасы әртүрлі оқушыларды біріктірілген сыныптарда оқытуға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, жас айырмашылығы 1-2 жыл болатын екі немесе үш сыныпты біріктіруге болады, — деп түсіндірді ведомство.
Сонымен қатар ата-аналардың пікірін және осы оқу жылында оқушылар санының артқанын ескере отырып, аудандық білім бөлімі бұған дейін біріктірілген сыныптарды қайта бөлу туралы шешім қабылдаған.
— Оқу процесі тиісті сыныптардың оқу жоспары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Білім беру процесін ұйымдастыру және педагогтердің оқу жүктемесін бөлу мәселесі аудандық білім бөлімінің бақылауында, — деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін сарапшылар еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру және Президенттің осы бағыттағы тапсырмалары жөнінде пікір білдірген еді.