Ақмола облысындағы мектептерде 165 баланың жеке деректері заңсыз жарияланған
АСТАНА. KAZINFORM – Степногорск қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарының интернет-ресурстарында кәмелетке толмағандардың дербес деректерін заңсыз жариялау фактілерін анықтады.
Прокуратураның мәліметінше, жекелеген мектептер мен білім бөлімінің сайттарында 165 баланың жеке мәліметтері ашық орналастырылған.
«Жарияланған құжаттарда кәмелетке толмағандардың тегі, аты-жөні, оқитын орны және әлеуметтік мәртебесі туралы ақпарат болған. Олардың қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қорғаншылықтағы балалар бар», – деп хабарлады қадағалау органы.
Прокуратура мұндай ақпараттың еркін қолжетімділікте болуы олардың әрі қарай заңсыз таралу қаупін тудырғанын атап өтті.
Қадағалау актісінің нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылып, балалардың дербес деректері интернет-ресурстардан алынып тасталды.
Сондай-ақ заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Қазақстан жеке деректерді қорғау саласындағы халықаралық комитетке бақылаушы ретінде қосылған болатын.