Ақмола облысындағы шахтада заңсыз алтын іздеуші қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде шахтада заңсыз алтын іздеп жүрген адам қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, шахтада тас құлап, заңсыз алтын іздеуші үйінді астында қалған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
— Күзетілетін нысанға заңсыз кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін Бестөбе кентіндегі шахталардың бірінен екі ер адамның мәйіті бір күн аралықпен табылғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Жетісу облысында 1,5 млрд теңгелік алтын құрамды кенді заңсыз әкету әрекеті тоқтатылғанын жазғанбыз.