Ақмола облысындағы су тасқыны: Бектенов Астрахан мен Бұланды ауданы әкімдерін сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысындағы су тасқыны кезінде екі ауданның әкімі жағдайды бақылаудан шығарып алғанын айтты. Әуелі ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев өз баяндамасында өңірдегі қазіргі жағдайдағы ахуал жайлы мәлімдеді.

— Өткен аптада еріген қар суы мен көп жауған жаңбырдың салдарынан Ақмола облысындағы тұрғын үйлерді су басты. Қолда бар су өткізу жүйелері мол көлемдегі суды өткізуге қауқарсыз болып шықты. Бұл жағдай Астана қаласы мен Қарағанды облысынан, Министрліктің әскери бөлімдерінен қосымша күштер мен құралдар жөнелтуді талап етті. Азаматтар дереу қауіпсіз жерлерге көшіріліп, кезек күттірмейтін авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысының көлік қатынасы үзілген елді мекендеріне уақытша жол қатынасы ұйымдастырылды, азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде. Қазіргі уақытта жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеуде, — деді ол Үкімет отырысында.
Өз сөзінде Үкімет басшысы екі ауданның әкімін сынға алды.
— Жалпы облыс бойынша алдын ала қабылданған шаралар өз нәтижесін берді. Бірақ Астрахан мен Бұланды аудандарының әкімдері жағдайды жіберіп алды. Бұл мәселені қазір көріп отырмыз, — деді Олжас Бектенов.