Ақмола облысының Аршалы ауданындағы мектепте ат спорты үйірмесі бар

АСТАНА. KAZINFORM - Жылқы мінезді қазақ бәйге алатын тұлпарды бірден танып, сәйгүлікке құрық салып, мініске үйреткен. Бұл – ертеректе халқымыздың күнделікті тіршілігі болса, бүгінде нағыз өнерге айналды.

асауды үйрету
Фото: видеодан алынды

Асау үйретуді ойын балалары үлкендерден естігені болмаса, көзбен көргендері сирек. Ал Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Ж.Тәшенов атындағы мектептің 9-шы сынып оқушысы Ерасыл Аманғали атты мініске үйретудің шебері десе болады.

Ерасыл 13 жасынан бері әкесінің жанында жүріп, ат баптаудың қыр-сырын меңгерген. Он беске енді толған жас өрен үйірден кез-келген тайды құрықтап, мініске үйрете алады. Тіпті, талай мәрте тай жарыстарда қанжығасы да «майланған».

«Асау үйрету қанымызда бар қасиет, жылқының жанында жүріп, энергия аламын. Мүшелге толған жасымда әкем үйге екі байтал әкелді. Байталдың жабағысы бар. Сол жабағысын көріп, қатты қызықтым. Сосын көкпар атын ұстайтын Нәдірбек деген досым бар еді. Ол мені ылғи атқа мінуге шақыратын. Мен қорқатынмын. Қашатынмын одан»,-дейді шабандоз.

Ол атқа мінбек болып, талай рет жарақат алғанын да жасырмайды.

«Керісінше, құлаған сайын делебем қозып, құнанға қамшы басқым келіп тұрады. Бірде ертоқымға секіріп мінген кезде атым үйге қарай шабамын деп, алдын көтеріп, бағынбай тұрып алды. Тағы бір секірген кезде басындағы сүйегі ернімді жарды. Сол күні үйде ешкім жоқ еді, бет-ауызым қан-қан болып, жылқыны қораға қамап тастадым да, келесі күні мініп, «кегімді» алдым, қамшылап тәрбиеге саллған кездер болған»,-дейді.

Жалпы Аршалы ауылында 50-ге жуық оқушы ат спортына қызығады. Елді мекенде ат спорты түрінен үйірме де ашылған. Жастар аптасына екі мәрте таза ауада атпен серуендеп, бой жазуды әдетке айналдырған.

«Балалардың бос уақытында үйде отырып, компьютерге, телефонға қарағаннан гөрі, атқа мініп, шыгықсын деп, ат спортын дамытуды қолға алдық. Атқа құмартпайтын қазақ жоқ шығар. Қазіргі таңда балалар осы спортты әсіресе атты жақсы көреді. Аудан басшылығы да бұл бастаманы қолдап отыр. Келер жылы шабандоздарға біркелкі киім тіктіріп, жаттығуға арналған құрал-жабдықтарды алып бермек»,-дейді Ж.Тәшенов атындағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Амандық Молдабайұлы.

Зұлқарнай Ермұратұлы