Ақмола облысының егіншілері күзгі астық жинау науқанына кірісті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысының егіншілері күзгі астық жинауға кірісті. Орақ жұмыстарын биыл 5,4 млн гектар алқапта жүргізу жоспарланған. Бұл туралы облыс басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен агрокеңесте айтылды.

ауыл шаруашылығы егін
Фото: Pexels

Жиында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының науқанға дайындығы және мол астықты жауын-шашынға тигізбей, уақтылы және сапалы жинау мәселелері талқыланды.

Облыс басшысы Марат Ахметжанов бүгінгі таңда ең маңызды міндет егін жинауды тиісті деңгейде жүргізу екенін, оған облыс пен жалпы ел халқының азық-түлік қауіпсіздігі мен әл-ауқаты тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Егін орағы — республика бойынша тиісті ресурстарды талап ететін ең ірі әрі ең маңызды науқан. Баршамыз егіннің сапасы мен көлеміне әсер етуі мүмкін кез келген кідірістер мен мәселелерді болдырмау үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның айтуынша, осы жылы облыс бойынша барлығы 4,7 млн гектар алқапта дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын жинау жоспарланған.

Сонымен бірге, 268,6 мың майлы дақыл, 421 мың гектарда жемшөп бар.

«Науқанға барлығы 8,9 мың астық жинайтын комбайн, 2,6 мың шалғы және 4,8 мың жүк автокөліктері жұмылдарылады. Ал астықты жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 65 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны қабылдайды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің меншігінде 2,8 млн тонна астық қоймалары бар. Егін жинау жұмысын жүргізуге 83 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінді», — деді ол.

Сонымен бірге, жиын барысында «А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Юрий Долинный, «Агрофирма Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр және «ЛОГОС ГРЕЙН» ЖШС бас директоры Арман Құдайбергенов, «Агрофирма» ТНК» ЖШС бас агрономы Григорий Седов, «Қазгидромет» РМК Ақмола филиалының директоры Бақыт Мақажанова өз ой-пікірін бөлісті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында мал дәрігерлеріне су жаңа 19 автокөліктің кілті табыс етілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар