Ақмола облысының үш елді мекені ауыл ретінде бөлініп шықты

ішімдіксіз ауыл
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – «Ашық НҚА» порталында Ақмола облысы әкімдігінің өңірдің аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы қаулы жобасы жарияланды.

«Ақмола облысының әкімдігі қаулы етеді және Ақмола облыстық мәслихаты шешім қабылдады:

«Целиноград ауданының Қаражар ауылы Целиноград ауданы Қараөткел ауылдық округінің құрамынан шығарылып, жеке әкімшілік-аумақтық бірлік болып;

Целиноград ауданының Қажымұқан ауылы Целиноград ауданы Талапкер ауылдық округінің құрамынан шығарылып, жеке әкімшілік-аумақтық бірлік болып;

Целиноград ауданының Ыбырай Алтынсарин ауылы Целиноград ауданы Талапкер ауылдық округінің құрамынан шығарылып, жеке әкімшілік-аумақтық бірлік болып құрылсын», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, құрамынан аталған елді мекендер дербес бөлініп шыққан ауылдық округтердің де әкімшілік мәртебесі өзгертілмек.

«Целиноград ауданының Ақмол ауылдық округі Целиноград ауданы Қараөткел ауылдық округі Жаңажол ауылының құрамына қосылып;

Целиноград ауданының Қараөткел ауылдық округі жеке әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде Целиноград ауданының Қараөткел ауылына;

Целиноград ауданының Талапкер ауылдық округі жеке әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде Целиноград ауданының Талапкер ауылына өзгертілсін. 

Осы Ақмола облысы әкімдігінің бірлескен қаулысы мен Ақмола облыстық мәслихатының шешімі алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - деп жазылған қаулы жобасында.
Құжаттың түсіндірме жазбасында дербес бөлініп шыққан елді мекендерге жалпы сипаттама берілген.

Онда Қажымұқан ауылының Астана қаласынан 13 шақырым жерде орналасқаны, көше-жол желісінің ұзындығы – 41,6 шақырым (асфальт-5,6 шақырым) (қиыршықтас-шағылтас жабынымен - 3 шақырым, қара жолдар – 33 шақырым) екені, ауылдағы үйлер пешпен жылытылатыны, сумен жабдықтайтын 3 біріктірілген блок модуль жұмыс істейтіні, барлық баспаналар жеке тұрғын үй екені айтылған. Электрмен 3 жеке трансформаторлық станса қамтамасыз етеді. 594 оқушысы бар 1 мемлекеттік орта мектеп, 140 орындық мемлекеттік балабақша бар. Қажымұқан аулының фельдшерлік амбулаториялық пунктіде 1658 адам тіркелген.

Ыбырай Алтынсарин ауылы Астана қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан. Көше-жол желісінің ұзындығы – 30,7 шақырым (асфальт-14,2 шақырым, қиыршықтас-шағылтас жабынымен – 7,8 шақырым, қара жолдар – 8,7 шақырым). 

Ауылдың тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы – пешпен жылыту, орталықтандырылған сумен жабдықтау, Целиноград Су Арнасы ШЖҚ МКК қызмет көрсетеді, барлық баспаналар - жеке тұрғын үйлер. Электрмен 20 мемлекеттік және 3 жеке ТТҚС қамтамасыз етіледі.

548 оқушысы бар 1 мемлекеттік орта мектеп, 140 орындық мемлекеттік балабақша бар. Ыбырай Алтынсарин аулының ФАП-інде 849 адам тіркелген.

Қаражар ауылы Астана қаласынан 3 шақырым жерде орналасқан. Көше-жол желісінің ұзындығы – 48,3 шақырым (асфальт-41,4 шақырым, қара жолдар – 6,9 шақырым). 

Ауылдың тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы – пешпен жылыту, орталықтандырылған сумен жабдықтау, Целиноград Су Арнасы ШЖҚ МКК қызмет көрсетеді, барлық баспаналар - жеке тұрғын үйлер.

Электрмен жабдықтау 5 мемлекеттік және 4 жеке ТТҚС қамтамасыз етіледі. 508 оқушысы бар 1 мемлекеттік орта мектеп, 170 орындық 2 жекеменшік балабақша бар. Қаражар аулының ФАП-інде 2543 адам тіркелген..

Соңғы жаңалықтар