Ақмола облыстық театры 14-ші маусымын Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен ашты
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа театр маусымында жұртшылыққа тың тарту ұсынған Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Қуандық Қасымов. Халқымыздың біртуар перзенті Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арнап жазылған трагедиялық қойылымдағы басты рөлдерді сомдаған Жарас Қалдаров-Махамбет, Қайрат Мырзаболатов-Исатай, Төлеубай Көңбай-Жәңгір хан тағы басқа да актерлер мақсат биігінен көріне алған.Театрдың көркемдік жетекшісі Төлеубай Көңбайдың айтуынша қазан айында көрермен қауым қырғыздың дарынды драматургі Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиясын, балаларға арналған «Әтеш күре салғанда» ертегісін тамашалайтын болады. Жаңа маусымда өнер ұжымы Астананың Қазақ ұлттық музыка академиясының «Актерлік өнер» бөлімін бітірген 4 және Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің осынша түлегімен толықтырылып отыр. Алдағы уақытта Қарағандыда республикалық театр фестивальі өтпек. Оған театр маусымының ашылуында қойылып отырған осы «Махамбет» трагедиясы ұсынылатын болады. Жыл ішінде мерекелік концерттер, театрландырылған көріністермен елді мекендерге шығармашылық сапарларға шығу ескерілген.